Accessibility links

Керри Лавровпен Украина дағдарысын талқылады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри 15 маусымда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен телефонмен сөйлесіп, Мәскеудің Украина шығысындағы қақтығысты тоқтату келісімінің орындалуына кепіл болуын сұрады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джон Кирбидің хабарлауынша, Керри Лавровпен әңгімесінде "Ресейді алда өтетін Украина, Ресей және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) өкілдерінің үшжақты байланыс тобы мен оның жұмысшы тобының кездесулерін Минск келісімінің орындалуына пайдаланып қалуға" шақырған.

Мәскеу Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерді қолдап отырғанын жоққа шығарады. Бірақ Ресей биылғы жылдың соңына дейін Ресей-Украина шекарасындағы 400 километр болатын шекара белдеуін Киевтің бақылауына қайтаруға келіскен. Бұл шекара сызығы арқылы ресейшіл сепаратистер қару-жарақ пен танкілерді контрабандалық жолмен өткізеді деп саналады.

Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Лавров телефонмен сөйлескенінде "Киев үкіметі мен өзін-өзі жариялап алған Донецк және Луганск "халық республикалары" арасында тікелей диалог орнатудың маңызды екенін" айтқан.

XS
SM
MD
LG