Accessibility links

«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК басқарушы директоры ұсталды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктерден "EXPO-2017" көрмесін өткізуге дайындық барысын сұрап отыр. Астана, 3 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктерден "EXPO-2017" көрмесін өткізуге дайындық барысын сұрап отыр. Астана, 3 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

19 маусым күні кешке «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК-нің басқарушы директоры Суламбек Баркинхоевтың ұсталғаны хабарланды.

Азаттық тілшісі Қазақстанның мемлекеттің қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабарласқанда, өзін осы мекеменің "кезекшісі" ретінде таныстырған (аты-жөнін айтудан бас тартты - ред.) өкілі Суламбек Баркинхоевтың ұсталғанын растады.

- Баркинхоев 18 маусым күні ұсталды. Ол қазір Астана абақтысында отыр, қалған ақпаратты агенттіктің баспасөз қызметінен аласыз, - деді ол Азаттық тілшісіне. Алайда сенбі күні бұл мекеменің баспасөз қызметіне хабарласу мүмкін болмады.

Tengrinews ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда, Суламбек Баркинхоев «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК басшыларына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында ұсталған. Оған "бюджет қаражатын (214 миллион теңге) жалған кәсіпкерлік арқылы жымқырды" деген айып тағылған.

ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК қаражатын жымқырды деген күдікке бес адам ілініп отыр.

Бұған дейін «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК АҚ-ның бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев пен бұрынғы құрылыс департаментінің басшысы Қажымұрат Үсенов үйқамаққа алынған еді.

Назарбаев 2014 жылдың шілдесінде Талғат Ермегияевтың да жұмысын сынаған болатын. «EXPO-2017» кешені құрылысын жалғастыруға 2015 жылы ұлттық қордан бұған дейін жұмсалған 25 миллиард теңгеге қосымша 40 миллиард теңге бөлінген.

XS
SM
MD
LG