Accessibility links

Әлемдік бокс сериясы финалында дау шықты


Astana Arlans клубының боксшысы Василий Левиттің рингке шығып келе жатқан сәті. Фотография Astana Arlans клубының ресми сайтынан алынды.
Astana Arlans клубының боксшысы Василий Левиттің рингке шығып келе жатқан сәті. Фотография Astana Arlans клубының ресми сайтынан алынды.

Астанада өтіп жатқан әлемдік бокс сериясы финалының бірінші күні, яғни 20 маусымда қазақстандық Astana Arlans және кубалық Cuba Domadores командалары кездесті.

Бүгін аяқталатын бұл финалдың бірінші күнінде Қазақстан пен Куба боксшылары бес кездесу өткізіп, командалық есепте 3-2 есебімен қазақстандық боксшылар жеңіске жетті.

Алайда Astana Arlans клубының бас директоры Серік Сәпиев 91 килограмға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша өткен кездесудің нәтижесіне наразы. Оның пікірі бойынша, қазақстандық боксшы Василий Левит кубалық Савону Котилла Эрисландиді "айқын басымдықпен жеңген". Бірақ төрешілер жеңісті Эрисландиге берген.

Сәпиев жарысты өткізіп жатқан АИБА халықаралық бокс федерациясы басшылығына соңғы кездесудің нәтижесін өзгерту туралы арыз түсіретінін мәлімдеді. Сәпиев жергілікті ақпарат агенттігіне берген сұхбатында "WSB басшысы Карим Бузидимен сөйлестім, ол төрешілер шешіміне қарсылық жазбай-ақ қой деді. Бірақ мен арыз түсіремін" деген.

Төрешілер шешіміне наразы болған жанкүйерлер залдан рингке қарай құмыра лақтырған. Astana Arlans командасы басшылығы жанкүйерлердің бұл әрекетіне қатысты қарсыластарынан кешірім сұрайтынын мәлімдеген.

Бүгін қазақстандық Astana Arlans және кубалық Cuba Domadores командалары тағы бес кездесу өткізеді. Кешегі және бүгінгі кездесулердің командалық есебі бойынша әлемдік бокс сериясының чемпионы анықталады. Бұл жарыста жеңіс құрамаға беріледі. Былтырғы чемпион Куба командасы Cuba Domadores болған еді. Әлемдік бокс сериясында боксшыларға олимпиадаға жолдама да беріледі.

XS
SM
MD
LG