Accessibility links

Пальмираның миналанғаны хабарланды


Пальмира қаласындағы ежелгі нысан үстіне тігілген "Ислам мемлекеті" ұйымының туы. Мамыр 2015 жыл. Сирия.
Пальмира қаласындағы ежелгі нысан үстіне тігілген "Ислам мемлекеті" ұйымының туы. Мамыр 2015 жыл. Сирия.

Syrian Observatory for Human Rights құқық қорғау ұйымының мәліметінше, "Ислам мемлекеті" ұйымы содырлары Сирияның ежелгі Пальмира қаласын миналап тастаған. Әзірге содырлардың минаны Рим империясы кезеңінен қалған, екі мың жылдық тарихы бар қаланы жару ниетімен немесе қауіпсіздік мақсатында орнатқаны белгісіз.

Ұйым директоры Рами Абдель Рахманның сөзінше, Пальмира қаласы маңындағы үкімет әскеріне таяуда жаңа күш қосылған. Бұл үкімет әскері қарсы шабуылға шығуы мүмкін дегенді білдіреді. Абдель Рахман бұған қоса армияның қаланың тұрғын үйлер орналасқан аудандарын бомбалап, салдарынан 11 адам қаза тапқанын хабарлады.

Сирияның ежелгі тарихи мұраларды қорғау ведомствосының басшысы Маамун Абдулкаримнің мәлімдеуінше, Пальмираның миналанғаны туралы ақпарат шындыққа жанасуы мүмкін.

Содырлар Таяу Шығыстағы ең ежелгі тарихи орындардың бірі Пальмира қаласын мамыр айында басып алған. "Ислам мемлекеті" содырлары наурыз айында Ирак жеріндегі ежелгі ассириялық Нимруд қаласының орнындағы тарихи ескерткіштерді бульдозермен қиратқан.

XS
SM
MD
LG