Accessibility links

"Талибан" Ауғанстанда екінші ауданды басып алды


Құндыз уәлаятындағы ауған қауіпсіздік күштері. Ауғанстан, мамыр 2015 жыл.
Құндыз уәлаятындағы ауған қауіпсіздік күштері. Ауғанстан, мамыр 2015 жыл.

Ауғанстан билігі "Талибан" жергілікті ауған қауіпсіздік күштерімен ұрыста елдің солтүстігіндегі Құндыз уәлаятындағы екінші аудан - Дашти Арчиді басып алғанын хабарлады.

Уәлаят кеңесінің басшысы Мохаммад Юсуф Аюбидің 22 маусымда хабарлауынша, содырлар Дашти Арчи ауданына төрт бағыттан шабуылдап, кескілескен ұрыс жүргізген. Ол жергілікті қауіпсіздік күштері қатарында адам шығыны барын айтқанымен, нақты қанша адам мерт болғаны туралы ақпарат бере алмады. Аюбидің сөзіне қарағанда, ауданда тұратын 150 мыңға тарта адам ұрыс жүріп жатқан аймақта қамауда қалған.

"Талибан" басшылығы ресми мәлімдеме таратып, Дашти Арчи ауданын, оқ-дәрілер мен төрт танкіні басып алғандарын растады.

Маусымның 21-інде "Талибан" осы уәлаяттың Чардара ауданын басып алған.

"Талибан" жасақтары сәуір айында уәлаят астанасы Құндыз қаласын төтеннен басып алмақ болып, бірақ ауған қауіпсіздік күштері оларды тойтарып тастаған еді.

XS
SM
MD
LG