Accessibility links

Киев: Терроризмге күдікті адам Астанаға экстрадицияланды


Украина қауіпсіздік қызметінің сайтындағы терроризм күдігіне ілінген қазақстандықтың қайтарылғаны туралы ақпараттан скриншот.
Украина қауіпсіздік қызметінің сайтындағы терроризм күдігіне ілінген қазақстандықтың қайтарылғаны туралы ақпараттан скриншот.

Украина Қазақстанға "Ислам мемлекеті" (ИМ) ұйымына мүше деген күдікпен ұсталған азаматты экстрадициялады деп хабарлады Украина қауіпсіздік қызметі.

Украина қауіпсіздік қызметінің ақпаратына қарағанда, ИМ-ге қатысы бар делінген күдікті Интерполдың халықаралық іздеуінде жүрген. Ол терроризм және Қазақстан территориясында бірнеше аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

"Қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін Түркия арқылы Сирияға барып, ол жақта ИМ содырларына қосылған. Қазақстан азаматы содырлар жағында әскери ұрыс қимылдарына қатысып, осы ұйымның бір бөлімін басқарған" делінген Украина қауіпсіздік қызметінің 22 маусымдағы хабарламасында.

Украина арнайы қызметі хабарламасында қазақстандықтың шетел арнайы қызметтерімен бірлесіп наурыз айында ұсталғаны айтылады. Ол мұның алдында Түркияның Сириямен шекаралас ауданында ұсталғанымен, кейін қашып кеткен.

Маусымның басында Украина қауіпсіздік қызметі арасында Қазақстан азаматы, Ресейдің екі азаматы мен Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары - барлығы бес адамның ұсталғанын хабарлаған. Украина жағы оларға Украина аумағында ИМ содырларын жинап, аттандыру базасын құрмақ болды деген күдік таққан.

Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі Азаттыққа қазақстандықтың экстрадициялануына қатысты Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) хабарласуды ұсынды. ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне "эктрадицияланған қазақстандық" туралы ақпарат өзіне әлі түспегенін айтып, комментарий беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG