Accessibility links

Еревандағы қарсылыққа төрт қала қосылды


Еревандағы электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына наразылық. Армения, 25 маусым 2015 жыл.
Еревандағы электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына наразылық. Армения, 25 маусым 2015 жыл.

Еревандағы электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына қарсы бірнеше күнге созылған наразылық шеруіне Гюмри, Ванадзор, Аштарак және Абовян қалалары да қосылды.

Ереванның орталығындағы бейбіт наразылық акциясы 22 маусымнан жалғасып келеді. Акцияға бірнеше мың адам қатысып жатыр. Демонстранттар тарамай шыққан өткен үшінші түн тыныш болды. Демонстранттар баррикада құрып, қаладағы ең үлкен магистральдің бірі - Баграмян даңғылын жапқанына қарамастан милициямен арада қақтығыс болған жоқ. Қақтығыс болмас үшін өткен түндегідей наразыларды депутаттар мен әртістер қоршап тұрды.

Наразылық танытушылар электр энергиясы бағасын 16 пайызға қымбаттату шешімі жойылмайынша Багграмян алаңынан кетпеуге бекініп отыр. Белсенділер де алаңға шыққысы келмейтін Армения азаматтарын пәтерлерінде кешкі сағат тоғыздан онға дейін жарық пен барлық электр құрылғыларын пайдаланбауға шақырып жатыр. Олардың пікірінше, бұл "Электросеть Армения" компаниясына шығын келтіреді. Қоғамдық қызметті реттеу жөніндегі мемлекеттік комиссия "Электросеть Армения" компаниясының өтініші бойынша электр энергиясы тарифтерін қымбаттатуға шешім қабылдаған еді.

Акцияға қатысушылардың айтуына қарағанда, Армения полициясы басшысы Владимир Гаспарян шеру бейбіт болған жағдайда "наразылық акциясын қуып таратпауға және күш қолданбауға" уәде берген.

23 маусымда полиция Баграмян алаңында отырған демонстранттарды тарату үшін сумен атқылаған. 240-қа тарта адам ұсталып, 20-дан астам журналист зардап шеккен. ЕҚЫҰ демонстранттар мен журналистерге қолданылған күш пропорционалды емес дейді.

XS
SM
MD
LG