Армения полициясы басшысы Владимир Гаспарян Еревандағы негізгі даңғылдардың бірі - Баграмян көшесін осымен бесінші күн жауып тастаған шерушілерді "аұылға" шақырды. Наразылар электр қуатының ақысын қымбаттатуға қарсы.
Гаспарян қақтығысқа жол бермеу үшін шерушілер мен полиция арасында тұрған депутаттарды наразыларға ықпал етуге, оларды Маршалл Баграмян даңғылын босатуға көндіруге шақырды.
Ол депутаттарға «Біз сабыр сақтап тұрмыз, шеруге қарсы шара қолданып жатқанымыз жоқ. Бірақ сіздер қаладағы қозғалысқа кедергі келтіріп жатырсыздар. Шерушілер мен полиция арасына келіп тұрып алдыңыздар. Бізді халықтың жауы көресіздер. Жастарға айтсаңыздар - біз бұл қарсылыққа философиялық тұрғыда қараймыз, бірақ бүкіл қаланың қозғалысын тоқтатып тастауға болмайды ғой... Полиция заң бұзбаған азаматтарға қарсы шара қолданбайды. Қала қозғалысын тоқтатпаңыздар» деген.
Алайда шерушілер жұма күні кешкісін Баграмян даңғылы маңындағы Франция алаңын жауып тастаған. Полиция өтінішінен кейін олар көлік қозғалысын қалпына келтірді.
Бүгін, яғни 27 маусым күні таңертең Баграмян даңғылында тұрған полиция қызметкерлері қарсылық акциясында жүрген бір адамды ұстаған. Полиция "оның қолынан тапанша байқаған". Полиция ақпаратына қарағанда, ол - 1992 жылы туған Армения азаматы. "Тапаншасы тәркіленген".
Гюмри қаласында да электр қуатының қымбаттауына қарсы акциялар өтіп жатыр. Сенбі күні Гюмриде де екі шеруші ұсталған. Полицияның хабарына қарағанда, "олардың біреуінен есірткі, екіншісінен бәкі табылған". Тергеу басталған.