Грекия парламенті дағдарыс шарттары туралы референдум өткізуді мақұлдады. Референдум 5 шілдеге белгіленді.
Референдумда "Грекия елге қаржылық көмек көрсететін халықаралық несие берушілер талабымен келісе ме?" деген сауал қойылады. Грекия премьері Алексис Ципрас несие берушілер талабын «ультиматум» деп атаған еді. Грекия үкімет басшысының айтуынша, несие берушілер елге "тым ауыр шарт қойып отыр". Ол талаптар - салықты көбейту, жалақы мен зейнетақыны қысқарту. Ципрас бұл талаптарды "ұлтты кемсіту" деп бағалайтынын мәлімдеп, референдум кезінде халық бұл шарттарға "жоқ" деп жауап береді деп үміттенетінін айтты.
Еуропа Одағы Грекияға қаржылай көмектесу бағдарламасын 30 маусымнан кейін ұзартуға келіспеген еді. Бұл елдің үкіметі осы күні Халықаралық валюта қорына 1 миллиард 600 миллион еуро көлеміндегі несие қарызын төлеуі тиіс.
Грекияға қаржылық көмек көрсетілмеген жағдайда ел экономикасы күйрейді деген қауіп бар.