Армениядағы қарсылық акцияларын демократиялық жолмен, диалог арқылы шешуге болады деп мәлімдеді Армения сыртқы істер министрі Эдвард Налбандян Беларусь сыртқы істер министрі Владимир Макеевпен кездесуінде.
"Халықаралық қауымдастық тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелер - Арменияда жалғасатын демократиялық процесстерді қолдау. Біз өз тарапымыздан адам құқықтарын, негізгі демократиялық еркіндіктерді қорғауға бейіл екенімізді білдірдік" деді министр.
"Армения тұрғындары мен үкімет арасындағы диалог жалғасады. Жағдайды реттеуге әлі біраз уақыт керек" деді Эдвард Налбандян. Оның сөзінше, азаматтардың электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына наразылығына байланысты Армения билігі энергетикалық компанияларға аудит жүргізуге келіскен, қазір үкімет тұрғындарға арналған электр энергиясы бағасындағы айырмашылықты өтейді.
Ереванда электр қуаты тарифтерінің қымбаттауына наразылық танытқан бірнеше мың адамның орталық Баграмян алаңына баррикада тігіп, түнеп жатқанына бүгін сегізінші күн болды. 30 маусым күні таңертең Армения полициясы басшысы Владимир Гаспарян алаңға барып, демонстранттармен сөйлесті. Ол полицияның алаңды демонстранттардан тазартуға күші жететінін, бірақ өздерінің "алаңдағы жастарды жуасытқысы келмейтінін" айтты. Гаспарян демонстранттарды бейбітшілік пен төзімділікке шақырды.