Сауд Арабиясы жетекшілік ететін халықаралық коалиция күштері Йемендегі қарулы хуситтер бақылауындағы нысандарға 210 рет әуе шабуылын жасаған. Салдарынан тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар қираған.
Адам құқықтары ұйымдарының дерегі бойынша, Сәуірдің 6-сы мен мамырдың 11-і аралығында Саада қаласында қаза тапқан 59 бейбіт тұрғынның 14-і - әйел, 35-ы - балалар.
БҰҰ деректері бойынша, Йеменде қарулы жанжал басталған наурыз айынан бері жалпы саны екі мыңға жуық адам қаза тауып, жеті мыңдай адам жараланған.
Сондай-ақ Йеменнің Таиз қаласындағы түрмеден 1200 тұтқын қашып кеткені, олардың арасында әл-Каида ұйымының өкілдері де бар екені хабарланды.