Лондонда 106 жасында британ азаматы, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Прага қаласында жүздеген еврей балаларын нацистерден құтқарған Николас Уинтон өмірден озды. Бұл туралы сәрсенбі күні марқұмның туыстары хабарлаған.
Неміс еврейлерінің отбасында туып өскен Николас Уинтон Лондон қор биржасында қызмет істеп жүргенде нацистер басып алған Чехословкияға барып, ол елден 669 баланы алып шығуды ұйымдастырған. Уинтонның анасы құтқарылған балаларды Ұлыбританияда қабылдауға келіскен отбасыларын табуға көмектескен.
Николас Уинтонның өзі жүздеген баланы ажалдан арашалап қалғаны туралы ұзақ жылдар бойы ешкімге айтпаған. Оның ерен ісі туралы тек 1980-жылдардың соңына қарай ғана жұртшылық естіп білген. Соғыстан кейінгі жылдары Николас Уинтон Сент-Олбанс қаласында қарт адамдарға арналған үлкен пана орнын ұйымдастырумен айналысқан.
Британ патшайымы екінші Елизавета 2002 жылы Николас Уинтонға рыцарь атағын берген.