Мәскеуде былтыр шілде айында метрода болған апатқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша бүгін алдын ала сот тыңдауы басталады. Сот тыңдауы жабық есік жағдайында өтеді. Апат салдарынан 24 адам қаза болып, 180-нен аса адам жарақаттанған еді.
Тергеу ісі бойынша төрт адамға – жол шебері Валерий Башкатов, оның көмекшісі Юрий Гордов, жолды күрделі жөндеу қызметі бастығының орынбасары Алексей Трофимов және «Спецтехреконструкция» мердігерлік ұйымының өндіріс жөніндегі директоры Анатолий Кругловқа айыптар тағылған.
Ресей тергеу комитеті тақауда осы іс бойынша Мәскеу метросы жол қызметінің бастығына, екі монтер мен оларға тікелей жетекшілік еткен тұлғаларға айыптар таққан. Оларға қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр.
Мәскеу қаласының метросындағы Арбат-Покровский желісінде 2014 жылы шілденің 15-і күні болған апат салдарынан үш жолаушы вагоны темір жолдан шығып кеткен. Апатқа негізгі себеп – жолды пайдалану және жөндеу жұмыстары барысында жіберілген «жүйелі қателіктер» деп санайды тергеушілер. Атап айтқанда, оған дәлелдің бірі ретінде жолды ауыстыру тетігінің дұрыс орнатылмағанын келтіреді.