Accessibility links

BP АҚШ-қа аса үлкен көлемде айыппұл төлеуге келісті


ВР концернінің Мексика шығанағындағы ұңғымасында болған апат. 21 сәуір 2010 жыл.
ВР концернінің Мексика шығанағындағы ұңғымасында болған апат. 21 сәуір 2010 жыл.

British Petroleum (ВР) мұнай концерні 2010 жылы Мексика шығанағы түбіндегі ұңғымадан өте көп мөлшерде мұнай төгілуіне байланысты АҚШ-тың төрт штаты мен федералдық үкіметінің осы концернге қарсы берген талабын қанағаттандыру үшін 18,7 миллиард доллар төлеуге келісті. Бұған дейін АҚШ тарихында қоршаған ортаға тигізген залалы үшін мұншама көп айыппұл төленген емес.

Апат болғаннан бергі өткен бес жыл ішінде ВР концерні қоршаған ортаға келтірген зардабы үшін төлеген әртүрлі айыппұлдарға, теңізді төгілген мұнайдан тазалау жұмыстарына 42 миллиард доллар қаржы жұмсаған. Апатқа теңіз қайраңындағы бұрғылау қондырғысындағы жарылыс себеп болған. Жарылыс салдарынан ВР-дің 11 жұмыскері мерт болған. Ұңғыманы апаттан кейін 88 күн өткенде ғана бітеп тоқтатқанша теңізге төрт миллион баррельден асатын мөлшерде мұнай төгілген. Бұл оқиға бойынша қаралған сот компания басшылығы қылмыстық салғырттығы үшін кінәлі деген ұйғарым шығарған.

АҚШ заңы жазаға тартылған компанияға айыппұлдың негізгі бөлігін өз салық міндеттемесі сомасынан шегеруге мүмкіндік береді. Айыппұлды бөліп төлеу 18 жылға созылмақ.

АҚШ үкіметімен айыппұлға қатысты келісім жасалғаны туралы жаңалықтан соң ВР акцияларының бағамы жоғарылай бастады. Корпорация жетекшілігі мен инвесторлар бұл келісім соттағы ұзаққа созылған дау-дамайды доғарып, компанияға өз қаржы қорын мұнай төгілуінен зардап шеккендерін айтқан сансыз талапкерлердің шағымдарын қанағаттандыруға емес, бизнесті дамытуға бағыттауға мүмкіндік туады деп үміттенеді.

XS
SM
MD
LG