Пентагон мәліметі бойынша, АҚШ пилотсыз ұшағының әуеден жасаған соққысы нәтижесінде «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы жетекшілерінің бірі, Ирак пен Сирияда террорлық шабуылдар жасауға шетелдіктерді жалдауға жауапты «жанкешті-терроршылар әмірі» ретінде танымал Тунис азаматы Тарик бин Тахар әл-Авни әл-Харзидың көзі жойылған.
Пентагон баспасөз хатшысы Джэфф Дэвистің мәлімдеуінше, әл-Харзи маусымның 16-сы күні басқа содырлармен бірге Сирияның солтүстігіндегі Шаддади қаласында қаза тапқан. Бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ деп хабарлады Дэвис.
Оның айтуынша, әл-Харзи Ливиядан Сирияға содырлар мен қару-жарақ жеткізуге жауапты болған. Сонымен бірге ол шетелдік содырлардың Сирия-Ирак шекарасынан өтуіне жәрдемдескен.
Былтыр қыркүйек айында АҚШ қаржы министрлігі әл-Харзиды халықаралық террористер тізіміне енгізіп, жанкештілер қатарына шетелдіктерді жалдауға қатысы болғаны үшін оны «жанкешті-терроршылар әмірі» деп атаған.