Қырызстан мен Ресей арнайы органдары Сирияға соғысқа қатысуға бармақшы болған қырғыз азаматын ұстаған деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бүгін таратқан мәлімдемесінде маусымның 25-і күні Мәскеудің «Домодедово» әуежайында Түркия арқылы Сирияға ұшпақ болған 25 жастағы Қырғызстан азаматы ұсталғаны айтылған. «Ұсталған адам 2015 жылы маусымның 29-ы күні Қырғызстан аумағына қайтарылды» делінген ресми ақпаратта.
АҚШ-тың терроризмге қарсы орталығының мәліметтері бойынша, «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы қатарында Тәжікстан мен Қырғызстаннан барған жүздеген, ал Қазақстаннан – мыңнан астам жас азаматтар бар. Ресми деректер бойынша, Сирияға соғысқа қатысуға Қырғызстаннан аттанған адам саны 350-ден асады.