АҚШ президенті Барак Обама Америка халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады деп хабарлады бүгін Ақорда баспасөз қызметі.
Қазақстан президентінің ресми сайтындағы ақпаратта сонымен бірге Назарбаевтың атына Ресей президенті Владимир Путиннен, Қытай президенті Си Цзиньпиннен, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен, Беларусь президенті Александр Лукашенкодан, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтан, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоннан және Өзбекстан президенті Ислам Каримовтан құттықтаулар келгені айтылған.
Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы шілденің 6-сы күні Алматы облысы Шемолған ауылында дүниеге келген. Ол 1989 жылдан бері Қазақстанды басқарып отыр.
Қазақстанда шілденің 6-сы – Астана күні болып жарияланған. Бұрын басқа айда аталып өтілетін бұл күн 2008 жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне ауыстырылған. Қазақстан заңы бойынша бұл күн елде демалыс болып жарияланған.