Accessibility links

Грекияда сыртқы несиеге қатысты референдум өтіп жатыр


Қатаң экономикалық шараларға қарсы шеруге қатысушылар. Афина, 3 шілде 2015 жыл.
Қатаң экономикалық шараларға қарсы шеруге қатысушылар. Афина, 3 шілде 2015 жыл.

Грекияда бүгін жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат жетіде сайлау учаскелерінде сыртқы қарызды төлеу шарттарына қатысты референдумға дауыс беру басталды.

Грекия азаматтарына дауыс беру бюллетеніндегі Еуротопқа маусымның 25-і күні Еуропалық комиссия, Еуропа орталық банкі және Халықаралық валюта қоры ұсынған келісім жоспарын жақтап немесе қарсы дауыс беру туралы екі жауаптың бірін таңдау ұсынылған.

Референдум өткізу туралы бастама көтерген премьер-министр Алексис Ципрас бұған дейін ел азаматтарын халықаралық кредиторлар талабына «жоқ» деп айтуға шақырған.

Халықаралық кредиторлар қаржы жағдайы өте мүшкіл Грекияға жәрдем ақша беру үшін экономикада қатаң шаралар жүргізу туралы шарт қойып отыр. Испанның El Mundo газетіне берген сұхбатында грек қаржы министрі Янис Варуфакис халықаралық кредиторларды сынға алып, «террорлық жасап отыр» деп айыптаған.

Соңғы жүргізілген сауалнамалар нәтижесі бойынша, елде Ципрас пен оның «Сириза» солшыл радикалды партиясын жақтаушылар мен оған қарсылар саны шамамен бірдей. Сайлаушылардың енді бір бөлігі өз ұстанымын әлі айқындамаған.

Жұма күні Еуропалық қаржы тұрақтылық қоры (EFSF) Грекияны төлемге толық қабілетсіз мемлекет деп жариялаған. Шілденің 1-і күні Грекия халықаралық валюта қорына 1,5 миллиард еуродан аса көлеміндегі несие берешегін төлей алмай дефолтқа ұшыраған.

XS
SM
MD
LG