Accessibility links

Белсенділер Нарымбаевты қолдауға шақырды


Зоя Нарымбаева күйеуі Ермек Нарымбаев қамауда жатқан абақтыда. Алматы, 6 шілде 2015 жыл.
Зоя Нарымбаева күйеуі Ермек Нарымбаев қамауда жатқан абақтыда. Алматы, 6 шілде 2015 жыл.

Бүгін Алматыда бір топ белсенді "заңсыз жиын өткізді" деген айыппен 15 тәулікке қамалған азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевты қолдап ол қамауда жатқан абақтыға барды. Арасында әйелі Зоя Нарымбаева да бар белсенділер сәлемдемелерін беру үшін Лобачевский көшесіндегі әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орнына барды.

Зоя Нарымбаева абақты қақпасы алдында Ермек Нарымбаевтың суретін шығарып, азаматтарды күйеуін қолдауға шақырды. Белсенділер азаматтық құқық пен еркіндікті, оның ішінде бейбіт жиын өткізу құқығын қорғау қажетін айтты. Белсенділер Ермек Нарымбаевты "заңсыз жиын өткізді" деп айыптаған Алматы қалалық ауданаралық әкімшілік сотының шешімін сынады.

Бір топ белсендімен бірге маусымның 28-і күні Алматыдағы тәуелсіздік ескерткішіне қара лента байланған гүл шоқтарын қойған Ермек Нарымбаев «25 жыл ішінде Назарбаевтың үздіксіз билігі салдарынан Қазақстан тәуелсіздігін жоғалтып, Ресейдің губерниясына айналды» деп мәлімдеген.

Ол соған дейін «митинг өткізу туралы қала әкімдігіне бірнеше рет өтініш бергендерін, бірақ билік рұқсат бермеген соң осындай бейбіт акция өткізгендерін» айтқан.

3 шілдеде полиция Нарымбаевты үйінен ұстап, Бостандық аудандық полиция бөліміне апарған. 4 шілдеде әкімшілік сот оны 15 күнге қамауға алуға шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG