Боснияның шығысында бүгін ондаған мың адам осыдан 20 жыл бұрын Сребреницада серб әскері қырғынға ұшыратқан мыңдаған мұсылман ерлері мен ұл балаларды еске алуға арналған қаралы шараға жиналады.
Оған қатысуға шетелден Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу, Иордания патшайымы Нур, АҚШ экс-президенті Билл Клинтон және өзге де шетелдік дипломаттар мен ресми тұлғалар келмекші.
Бүгін қаралы шарада осы уақытқа дейін Сребреница қырғынында қаза тапқан 7 мыңдай құрбанның кім екенін анықтауға көмектескен ДНК-тексеруден өткен соңғы 136 адамның сүйегін жерлеу рәсімі де өтеді.
1995 жылы шілденің 11-і күні генерал Ратко Младич басқарған босниялық сербтер армиясы Шығыс Босниядағы БҰҰ «қауіпсіздік аймағы» деп жариялаған Сребреница анклавынан БҰҰ бітімгершілік күші ретінде тұрған голландиялық жасақты ығыстырып шығарған соң жастары 13-77 аралығындағы мыңдаған қарусыз босниялық мұсылманды қаладан алып шығып, атып тастаған.
Бұрынғы Югославиядағы әскери қылмыскерлерді жазалау жөніндегі халықаралық Гаага трибуналы Сребреницадағы оқиғаны геноцид деп таныған. Ол қырғынға байланысты сот процестері әлі өтіп жатыр.
Еуропа парламенті шілденің 11-ін Сребреница геноциді құрбандарын еске алу күні деп жариялаған.
Шілденің 8-і күні БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырысында Сребреница қырғынын геноцид деп тану туралы қарар жобасына осы кеңеске мүше Ресей вето қойып, қабылдатқызбай тастаған.