Сирияда «Ислам мемлекеті» қарулы радикалдық тобының бақылауындағы әл-Баб қаласына жасалған әуе соққысы салдарынан кемінде 28 адам қаза тапқан. Ұлыбританияда орналасқан сириялық адам құқығы жөніндегі орталықтың бүгін таратқан ақпаратында құрбан болғандардың 19-ы бейбіт тұрғындар екені, олардың арасында әйелдер мен балалар бары айтылған. Әуе шабуылынан ондаған адам жараланған.
Куәгерлердің сөзінше, тікұшақтар ішінде жарылғыш заты бар темір бөшкелер мен контейнерлерді әуеден үйлер мен көшелерге тастаған.
Алеппо қаласынан солтүстік-шығысқа 40 шақырымдай жердегі әл-Баб қаласын үкімет әскері жиі атқылайды. Мамыр айында әуе шабуылдары мен атқылаудан 50-ден аса адам қаза болған.