Accessibility links

«Правый сектор» мүшелерімен атыстан соң келіссөз жүріп жатыр


Украинаның «Правый сектор» тобы жасағының киіміндегі белгі. (Көрнекі сурет)
Украинаның «Правый сектор» тобы жасағының киіміндегі белгі. (Көрнекі сурет)

Украинаның Закарпат облысындағы Мукачево қаласында билік өкілдері «Правый сектор» әсіреұлтшыл тобының белсенділерін қаруларын тапсыруға көндіру үшін келіссөздер жүргізіп жатыр.

Келіссөзге қатысушылардың бірі – Мукачеводан сайланған депутат Виктор Балогудың сөзінше, топ белсенділері өз жетекшілері Дмитрий Ярош тікелей бұйрық берсе ғана қаруларын тапсыратындарын және өздерін бірден Киевке – Украина қауіпсіздік қызметіне жіберу туралы талап айтқан деп хабарлайды «Украинская правда».

Сенбі күні Закарпат аймағы прокуратурасы «теракт» және «қылмыстық топ құру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлаған. Прокуратура «Правый сектор» белсенділерінің Мукачеводағы шабуылына ықпал ету аймағын бөлісе алмауы себеп болған деп санайды.

Соңғы алынған деректер бойынша, сенбі күні Мукачевода кафеде және көшеде болған атыстар салдарынан жергілікті бір тұрғын қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Зардап шеккендер арасында шабуылдағандардан үш кісі, қауіпсіздік құрылымының алты қызметкері және көшеде кездейсоқ жарақат алған үш адам бар деп хабарланды. Прокуратураның ақпаратында шабуыл жасағандардан бес адам жараланғаны туралы айтылған.

Мукачевода екі адамы мерт болғанын хабарлаған «Правый сектор» тобы интернеттегі сайтында өз жақтастарын жексенбі күні бірқатар қалаларда көшеге шығуға шақырған үндеу жариялаған.

XS
SM
MD
LG