Атырау қаласының тұрғыны Талғат Аян жергілікті су арнасы кәсіпорнының тамыз айынан бастап тариф бағасын қымбаттатуына қарсылық білдіріп бүгін жалғыз адамдық қарсылық акциясын өткізді. Судың бағасын көтеруге қарсы екені туралы жазу ұстап, Атыраудағы Жайық өзені үстімен өтетін көпір астына шыққан Талғат Аян жергілікті билікті «тұрғындар пікірін ескермей отыр» деп сынады.
– Тамыздан бастап су бағасы жеке тұлғаларға 50 пайызға, заңды тұлғаларға 70 пайызға дейін қымбаттамақшы. Тарифті көтеруге еш негіз жоқ, мұны халықтың қалтасына қол салу деп санаймын, - деді Талғат Аян өзі тұрған жерге жиналған оншақты адамға.
Ол билік тарифті қымбаттату туралы шешім қабылдамас бұрын жұртшылық өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізуі керек деп біледі. Талғат Аян өз талабын айтқан соң көп ұзамай қарсылық шарасын аяқтап, жиналғандар тарап кетті.
Бұған дейін «Атырау су арнасы» коммуналдық кәсіпорыны магистралдық құбырлар және таратушы желілер арқылы су беру, шайынды суды бұру және тазалау қызметі үшін дифференциалды тариф енгізілетінін хабарлаған. Атырау облыстық бәсекелестікті қорғау және табиғи монополияларды реттеу департаменті аталған тариф өзгерісін мақұлдап, маусым айында тиісті бұйрық шығарған.