Accessibility links

Белсенділер екі министрдің отставкаға кетуін талап етті


"Шындық" экспедициясының Қостанай облысы, Жангелдин ауданынан түсірген өлген киіктің суреті. Сурет Амандық Дәулетбекұлынан алынды
"Шындық" экспедициясының Қостанай облысы, Жангелдин ауданынан түсірген өлген киіктің суреті. Сурет Амандық Дәулетбекұлынан алынды

Бүгін Астанада қоғамдық ұйымның бірнеше белсендісі мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) мүшелері президент әкімшілігіне, премьер-министр мен парламент кеңселеріне хат тапсырды. Хатта белсенділер энергетика министрі Владимир Школьник пен инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевтің отставкаға кетуін талап етеді.

ЖСДП-ның қалалық филиалының жетекшісі Асхат Рақымжановтың айтуынша, олар министрлерді "Қазақстандағы экологиялық жағдай мен азаматтардың денсаулығына жауапты тұлғалар ретінде" қызметтен кетуді талап етеді.

- Бұл хатты біз "Шындық" экспедициясының қорытындысы бойынша тапсырып отырмыз. Хатта Қазақстанда киіктердің жаппай қырылуына гептил себеп болғанын айттық. Бұған экспедиция мүшелері сөйлескен түрлі адамдар дәлел береді, - дейді Асхат Рақымжанов.

Ол бұған қоса экспедиция мүшелері өлген киіктен сынама алғандарын, бірақ тәуелсіз сараптама жасайтын шетелдік зертхана іздеп жатқандықтан әлі зерттемегендерін айтады.

25 маусымда бірнеше қоғамдық ұйым белсендісінен құралған "Шындық" экспедициясы киік жаппай қырылған Қазақстанның үш облысына жасаған сапарынан Астанаға оралған. Олар сол кезде киіктің көмілмей қалған 42 өлексесін тапқанын, жергілікті тұрғындардың өздеріне мұның осы аймақтарға "ресейлік "Протон" зымыран тасығышы құлауынан болды" деп айтқанын мәлімдеген.

Биыл мамыр айында Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында ресми мәлімет бойынша Бетпақдала популяциясына жататын 150 мыңнан астам бас киік қырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктердің қырылуына жұқпалы ауру себеп болуы мүмкін деп болжаған.

XS
SM
MD
LG