Accessibility links

Теңгенің долларға шаққандағы ауытқу шегі кеңейді


Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.

Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының ауытқу шегін кеңейтті. Бұл туралы Астанада брифингте мәлімдеген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов бір доллардың теңгеге шаққандағы бағамының жаңа ауытқу шегі 170-198 теңге аралығында белгіленгенін айтты.

"Долларға шаққандағы айырбас бағамы ең жоғарғы шегіне жеткенін ескере отырып, орта мерзімді уақытта таргеттеуге (инфляцияны бақылауда ұстау үшін жасалатын шаралар - ред.) көшу аясында Ұлттық банк 185 айырбас бағамының ауытқу шегін плюс 13, минус 15-ке өзгертті" деді Келімбетов.

Ол бұған қоса биылғы жылдың екінші жартысында валюталық саясат өзгермейтінін де айтты. "Біз жалпы алғанда валюталық шек саясатын ең оңтайлы деп санаймыз" деді Келімбетов.

Қазақстанда бұған дейінгі теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының ауытқу шегі 170-188 теңге болған.

Бүгін Қазақстан қор биржасында таңертеңгі сессияда доллардың орташа бағамы 187,5 теңге болды. Алматыдағы айырбас пунктерінде қазір доллар 187,5-188,1 теңге аралығындағы бағамен сатылып жатыр.

Қазақстан билігі биыл теңгенің күрт құлдырауына себеп жоқ деп бірнеше рет мәлімдеген. Соңғы рет Қазақстанда теңге 2014 жылдың ақпанында бірден құлдырап, долларға шаққандағы айырбас бағамы 150 теңгеден 182-188 теңге аралығына дейін өскен. Девальвациядан кейін елде импорттық тауралар қымбаттап, коммерциялық банктерде тұрғындардың валюталық салымдарының үлесі артқан.

XS
SM
MD
LG