Accessibility links

Әлем елдері Донбаста құлаған ұшақ құрбандарын еске алды


Донбаста атып түсірілген ұшақ құрбандарын еске алу шарасына жиналғандар. Ньювегейн, Нидерланд, 17 шілде 2015 жыл.
Донбаста атып түсірілген ұшақ құрбандарын еске алу шарасына жиналғандар. Ньювегейн, Нидерланд, 17 шілде 2015 жыл.

Австралия, Нидерланд және Украинада бұдан бір жыл бұрын Донбаста әуеде атып түсірілген малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағы құрбандарын еске алу шаралары өтті.

2014 жылы шілденің 17-сі күні ұшақ құлаған кезде қаза тапқан 298 адамның басым көпшілігі нидерландтықтар еді. Сонымен бірге құрбандардың арасында Австралия, Малайзия, Индонезия және өзге елдердің азаматтары болған.

Нидерландтың Ньювегейн қаласында жұма күні өткен қаралы рәсімде ұшақ апатында қаза тапқан 193 нидерландтықтың аты-жөндері оқылды.

Жұма күні таңертең Канберраде өткен қаралы шарада Австралия, премьер-министрі Тони Эбботт ұшақ құлағанда мерт болған австралиялық азаматтардың есімдері жазылған мемориалдық ескерткішті ашты.

Украина астанасы Киевте қала тұрғындары Нидерланд елшілігі алдына гүлдер әкелді. Украина президенті Петр Порошенко ұшақты атып түсірген жоғары технологиялық зымыран қаруы Украина жеріне тек Ресейден ғана әкелінуі мүмкін деп мәлімдеген.

Шығыс Украинада сепаратистер көрші ауылдардан екі жүздей адамды ұшақ құлаған маңда орналасқан Грабово елдімекеніне әкелген. Сол жерде өткен қаралы шарада сепаратистер Boeing жолаушылар ұшағының құлауына жауапты санайтын Киевтің атына айыптаулар айтылған.

Малайзияда шілденің 17-сі биыл Ораза айының аяқталуымен тұспа-тұс келгендікткен, ұшақ апаты құрбандарын еске алу шаралары шілденің 11-і өткен.

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могерини малайзиялық МН17 жолаушылар рейсінің Boeing ұшағының құлауына тікелей және жанама қатысы барлардың бәрі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2166 қарарына сәйкес сотқа берілуі тиіс деп мәлімдеген.

МН17 жолаушылар рейсінің апатының себебін зерттеген Нидерланд жетекшілік ететін халықаралық комиссия ұшақты ресейшіл сепаратистер «Бук» қондырғысынан әскери зымыранмен атып түсірген деп санайды.

АҚШ сарапшыларының пікірінше, зымыран ресейлік әскерилер көмегіне сүйенген сепаратистер бақылауындағы аймақтан атылған. Ресей мен шығыс Украинадағы сепаратистер болса Boeing ұшағының құлауына ешқандай қатысы жоқ екенін айтады.

Австралия, Бельгия, Малайзия, Нидерланд пен Украина БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін малайзиялық жолаушылар ұшағының құлауына қатысты істі қарау үшін халықаралық трибунал құруға шақырады.

Ресей президенті Владимир Путин шілденің 16-сы күні Нидерланд премьер-министрі Марк Рюттеге халықаралық трибунал құру «нәтиже бермейтін асығыстық болады» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG