Бакуде әзербайжандық журналист, Азаттық радиосының қамаудағы тілшісі Хадиджа Исмайылдың соты басталды.
Исмайыл 2014жылдың 5 желтоқсанында Турал Мустафаевтың өзін "өлімге итермелегені" туралы шағымы негізінде тұтқындалған. Кейін оған "салық төлеуден жалтарды", "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" деген қосымша айыптар тағылды
Биыл сәуірде Мустафаев Исмаилдың үстінен "эмоциялық стресс" жағдайында шағымданғанын, енді журналистпен бітімге келгісі келетінін айтқан. Бірақ прокуратура Мустафаевтың шағымды қайтарып алу өтінішіне жауап бермеген.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Исмайылдың өзі тағылған айыптардың саяси астары бар және ол журналистің кәсіби қызметімен байланысты деп санайды. Исмайыл тұтқындалғанға дейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен оның отбасының қаржысы туралы бірнеше зерттеу материалын жариялаған.
Мамыр айында америкалық ПЕН орталық Хадиджа Исмайылды "Әзербайжан билігінің жоғары деңгейіндегі коррупцияны әшкерелеген зерттеулері" үшін Барбара Голдсмит атындағы сыйлығымен марапаттаған.
"Азат Еуропа Азаттық Радиосының" бас редакторы Ненад Педжич "Хадиджа Исмайылдың қамалуы қандай да бір заң бұзушылықпен байланысты емес, ол журналистің және Азат Еуропа Азаттық Радиосының үнін кез-келген құралмен белгілі бір мерзімге өшіру" деп мәлімдеді.