Accessibility links

Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің бүгін таратқан хабарламасында Алматы маңындағы Қарғалы өзені бассейніндегі 8-мұздық астында орналасқан, шамамен 40 мың текше метр суы болған көлдің табанын бұзып кетуіне бірнеше күн бойғы ыстық ауа-райы да себеп болғаны айтылған.

«Бірнеше күн қатарынан жоғары температураның сақталуына байланысты жоғары таулы аймақта мореналық көл ішіндегі термокарстық үрдістер салдарынан көл суы жаңа моренаішілік ағын арналары бойымен ағып шыққан» делінген ресми ақпаратта.

ТЖК-нің хабарлауынша, секундына 5 текше метр көлемдегі жылдамдықпен аққан көл суы аяғында сел ағынын қалыптастырған. Төмен құлдилаған сайын күш алған сел өзен арнасын бұзған. Аталған көлден 3 шақырым қашықтықта төмен орналасқан Қарғалы өзені арнасында селден қорғау бөгеті 20-30 мың текше метр тас аралас лайды ұстап қалған. Көл қазандығының бөгеті бұзылмаған.

Табиғи апат болған аймақта қазір қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр, оған қорғаныс министрлігінің аэромобильдік әскері жеке құрамынан және радиоэлектроника, байланыс әскери-инженерлік институтынан қосымша 200-ден аса адам жіберілген.

23 шілдеге қараған түні Алматының Наурызбай ауданы аумағында жүрген сел салдарынан Қарғалы өзенінің деңгейі көтеріліп, тасқын судан үш ауданда үйлер мен нысандар зардап шекті. Сел жүрген аймақтан 1000-ға жуық адам эвакуацияланған. Адам қазасы туралы ақпарат жоқ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG