Түркия әскери-әуе күштері жұма күні кешке Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының және Ирактың солтүстігінде Күрд жұмысшы партиясының (КЖП) позицияларына соққы бергені туралы ақпарат тарады.
Түрік үкіметінің хабарламасында түрік әскери ұшақтары КЖП-ның жеті лагеріне соққы бергені айтылған. Сонымен бірге түрік ұшақтары КЖП басшылығы орналасқан Кандиль ауданына да әуеден шабуылдаған.
Түркияда КЖП террорлық ұйым саналады.
Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу ИМ содырларына қарсы операция барысында алға қойған мақсат «жүз пайыз» орындалғанын айтып, Түркия алдағы уақытта да ИМ-ге соққы беруді жалғастыратынын мәлімдеген. Ұлыбританиядағы құқыққорғаушылардың мәліметі бойынша, ИМ қатарынан тоғыз адам қаза тауып, 12 адам жараланған.
Операция аясында Түркияның 16 провинциясында полиция жүргізген арнайы шаралар барысында ИМ тобы және КЖП-мен байланысы бар деген күдікпен 300-ге жуық адам ұсталған.
Түркия әскерилері бұл операцияны шілденің 23-і күні Сириямен шекарада түрік әскери бекеттеріне жасалған шабуылдарға жауап ретінде өткізді. Ол шабуылдан бір түрік әскери қызметкері қаза тапқан. Бұған дейін, шілденің 20-сы күні Сириямен шекараға жақын Суруч қаласында жанкешті жасаған шабуылдан 32 күрд белсендісі опат болған.