Украиналық ұшқыш Надежда Савченко Ресейдің Ростов облысы Новочеркасск қаласындағы 3-тергеу абақтысында отыр деп хабарлады Ресей федерациясының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Элла Памфилова.
Бұған дейін Ростов облысындағы Донецк қалалық сотының баспасөз хатшысы Татьяна Диева Савченконың тергеу материалдары сотқа келіп түскені жайлы хабарлаған.
Ресей тергеу орындары Надежда Савченкоға 2014 жылы жазда Украинаның шығыс аймағында мерт болған ресейлік екі журналистің қазасына қатысы бар және шекарадан заңсыз өткен деген айыптар тағып отыр.
Савченко өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады және өзін Украинада ұрлап, Ресейге еркінен тыс алып келгенін айтады. Егер соты оны айыпты деп таныса, украиналық ұшқыш 25 жылға дейінге мерзімге бас еркіндігінен айыруы ықтимал.
Сенбі күні оның адвокаты Марк Фейгин Twitter әлеуметтік желісінде Савченконы түрмеден тек халықаралық саяси қысым нәтижесінде ғана босатуға мүмкіндік бар деп жазған. Онсыз «бұл саяси іс бойынша сот Савченконы ұзақ жылға соттаумен аяқталады» деген пікір айтқан адвокат.
Надежда Савченконың ісі бойынша сот процесі шілденің 30-ы күні басталады деп жоспарланған.