Түркияның оңтүстік-шығысында жексенбіге қараған түні болған теракт салдарынан түркиялық екі әскери қызметкер қаза тауып, төрт адам жараланған деп хабарлайды Reuters.
Оқиға болған Диярбакыр провинциясындағы билік өкілдерінің айтуынша, әскери конвой кетіп бара жатқан кезде жол бойында автокөлікке орнатылған мина жарылған. Әскерилер бұл шабуылға Түркияда террорлық ұйымға жатқызылған Күрд жұмысшы партиясының қатысы болуы мүмкін деп санайды.
Диярбакыр провинциясында негізінен күрдтер тұрады.
Бұған дейін, жұма күні кешке Түркия әскери-әуе күштері Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының және Ирактың солтүстігінде Күрд жұмысшы партиясының позицияларына соққы бергені хабарланған. Үкімет таратқан ақпаратта түрік әскери ұшақтары КЖП-ның жеті лагеріне соққы бергені айтылған. Сонымен бірге түрік ұшақтары КЖП басшылығы орналасқан Кандиль ауданына да әуеден шабуылдаған.