Accessibility links

Киев: Донецк облысында ресейлік офицер ұсталды


Украина шекарашылары ұстаған «КАМАЗ» жүк көлігінен шыққан оқ-дәрілер. Донецк облысы, 26 шілде 2015 жыл.
Украина шекарашылары ұстаған «КАМАЗ» жүк көлігінен шыққан оқ-дәрілер. Донецк облысы, 26 шілде 2015 жыл.

Украина мемлекеттік шекара қызметі Донецк облысында оқ-дәрі тиелген «КАМАЗ» жүк көлігін айдап келе жатқан майор шеніндегі ресейлік әскери қызметкер ұсталғаны туралы мәлімдеді. Көлікте онымен бірге өзін өзі жариялап алған «Донецк халық республикасы» (ДХР) өкілі де болған.

Украиналық шекарашылар әскери гранаталар мен оқтар тиелген жүк машинасын шілденің 25-і күні кешке «Березовое» бақылау бекетінде ұстаған. Ұсталғандардың бірі Ресей армиясында әскери қызмет атқаратынын, Украинаға наурыздың басында келгенін айтқан. Ол Украинаға кетер алдында Ресейде өзіне берілген Овсянников деген жалған фамилиямен жүргенін мойындаған. Оның шын аты-жөні айтылған жоқ.

Ұсталған адамның украиналық әскерилер сұрақтарына жауап беріп отырған сәті түсірілген видео интернетте жарияланды.

«ДХР» жүк көлігімен ұсталған ресейлік әскери қызметкер туралы ақпаратты «украиналық арнайы қызметтің қолдан жасап отырғаны» деп атады. Сепаратистер «Ресейден ешқандай оқ-дәрі алған емеспіз» деп мәлімдеп отыр.

2015 жылы мамыр айында Луганск облысында Ресейдің екі азаматы – Евгений Ерофеев пен Александр Александров ұсталған еді. Өз айтуларынша, олар – Ресей армиясында қызмет атқарып жүрген әскерилер. Бірақ, Ресей сыртқы істер министрлігі Ерофеев пен Александров ұсталған кезде армия қатарында жоқ болатын деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG