Accessibility links

Обама Кения халқын коррупциямен күресуге шақырды


АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама.

Кенияға сапарының соңғы күні ел астанасы Найробидегі стадионға жиналған мыңдаған адамның алдында сөйлеген АҚШ президенті Барак Обама коррупциямен күрес жайын сөз етті.

Ол Кенияға сапармен келген алғашқы АҚШ президенті және осы қызметке сайланған тегі кениялық алғашқы америкалық азамат екенін мақтан тұтатынын айтты.

Өз сөзінде Кенияның экономикалық жетістіктерін құптаған Обама, бірақ, коррупцияның елде мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермей отырғанын мысалға келтіріп, Кенияның дамуын тежейтін коррупцияға төзімділікпен қарайтын қоғамдағы көзқарасты өзгертуге шақырды.

«Коррупцияның кесірінен кениялықтар жылына 250 мың жұмыс орнынан айрылады. Пара беруге кеткен әрбір шиллингті жұмыс орнын ашуға жұмсауға болар еді» деген ол.

Сонымен бірге АҚШ президенті Кения халқын терроризмге қарсы тұрып, әйелдер құқығын сақтауға үндеген. Ол қыздарға білім беруге жағдай жасауға шақырып, әйелдерге зорлық-зомбылық жасауды, мәжбүрлі неке мен қыздарды сүндетке отырғызу сияқты құбылыстарды айыптаған.

Барак Обама әкесінің туған елі – Кенияға жұма күні кешке ұшып барған. Сол күні ол Кениядағы туыстарымен Найробиде жүздескені хабарланды.

Кениядан АҚШ президенті бүгін Эфиопияға бармақшы.

XS
SM
MD
LG