Бүгін Шымкенттегі "Мұса" салтанат сарайында тұңғыш рет Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) имамдарының форумы өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ОҚО өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен форумға облыстағы мешіттердің 800-ге жуық имамы, облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының, төтенше жағдайлар департаментінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысып, баяндама оқыды.
- Форумда үгіт-насихат жұмыстары, Қазақстанда тыйым салынған діни ағымдардың алдын-алу, қайырымдылық іс-шаралар мен имамдардың этикалық мәселелері қаралды. Жиын соңында қатысушылар қарар қабылдады. Онда алдағы уақытта көтерілген мәселелер бойынша не істеу керек деген сұрақ көтерілді, - дейді Оңтүстік Қазақстан облысы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров.
Естеміров Қазақстанда форумда ресми орындар белгілеп берген 18 теріс ағым туралы сөз болғанда алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берілгенін, үгіт-насихат жұмыстарын күшейту, қандай уағыздарға мән берілуі керек деген мәселелер қызу талқыланғанын айтты.