Бүгін Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ИЧ-167/3 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің арасында ұйымдастырылған кезекті жазғы спартакиадасы басталды. Спартакиадаға 700-ге жуық сотталушы бес спорт түрі бойынша қатысып жатыр.
ИЧ-167/3 түзеу мекемесі басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Серік Алпысбаевтың айтуынша, 29 шілдеде басталған спартакиада 5тамызға дейінгі жалғасады.
- Мекемемізде 19 жастан 70 жасқа дейінгі аралықтағы 700-ге жуық сотталған азамат жазасын өтеп жатыр. Спартакиадағы мақсат – жазасын өтеушілердің спортқа деген қызығушылығын арттыру. Жарыс жеке сотталушылар емес, жасақтар арасында өтіп жатыр, - дейді Серік Алпысбаев.
Серік Алпысбаев спартакиада жеңіске жеткен сотталушыларға қылмыстық атқару кодексінің талаптарына сәйкес көтермелеу шаралары қарастырылатынын, яғни, марапаттау мен кезектен тыс қысқа мерзімді кездесулер берілетінін айтты.
Жазғы спартакиада алда Оңтүстік Қазақстан облысындағы алты түзеу мекемесінде де ұйымдастырылмақ.