Кремль Ұлыбританияда өтіп жатқан "Литвиненко ісіне" қатысты процеске сенбейді деп мәлімдеді бүгін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Оның сөзінше, Литвиненко көз жұмған кезде айыптаушы тарап "әлі ешқандай тергеу жүргізбей жатып-ақ" Ресейді айыптай бастаған. Песков процестің қорытындысына қатысты ұйғарым жасаудан бас тартты. "Бұл мәселе біздің күн тәртібімізде жоқ. Ол Ұлыбританияның ішкі тергеуі. Сондықтан біздің оған еш қатысымыз жоқ және араласқымыз да келмейді" деді Песков. Ол процестің тек Ұлыбритания үшін ғана "даулы" екенін айтқан.
Бүгін Лондонда Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (немесе ФСБ) бұрынғы офицері, радиоактивті полониймен уланған Александр Литвиненконың өліміне қатысты ашық тыңдаудың соңғы күні.
Кеше алғашқы тыңдауда Лондон полициясының өкілі Ричард Хоруэлл сөйлеген. Ол Литвиненко полониймен уланғаннан кейін көз жұмғандықтан оның өліміне Ресейдің қандай да бір қатысы бар деуге болатынын айтты. Хоруэлдің сөзінше, қолда бар айғақтар Ресей арнайы қызметінің бұрынғы қызметкерлері Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтунның Литвиненконы полониймен екі рет улағанын айқын дәлелдей алады.
Литвиненконың өзі қөз жұмарынан бұрын өзін улады деп Ресей арнайы қызметі мен Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған. Бірақ Кремль барлық айыпты жоққа шығарады. Ковтун мен Луговой да айыпты мойындамайды.