Accessibility links

Барзани КЖП жасағын Ирактан кетуге үндеді


Ирактың Күрд автономиялық ауданының жетекшісі Масуд Барзани. Вашингтон, 6 мамыр 2015 жыл.
Ирактың Күрд автономиялық ауданының жетекшісі Масуд Барзани. Вашингтон, 6 мамыр 2015 жыл.

Ирактың Күрд автономиялық ауданының жетекшісі Масуд Барзани Ирактың солтүстік аудандарындағы бейбіт тұрғындарды түркиялық әскери әуе күштерінің соққысына қалдырмау үшін бүгін Күрдістан жұмысшы партиясы (КЖП) жасағын осы аймақтардан кетуге шақырды.

Ол бұл мәлімдемесін Ирактың солтүстігіндегі КЖП лагерлеріне түрік әскери ұшақтарының әуе шабуылынан соң бірнеше сағат өткенде жасаған. Әуе шабуылы салдарынан Ирак Күрдістанының астанасы Эрбиль қаласының шығыс жағындағы Заркел елдімекенінде кемінде алты адам мерт болған.

Жұма күні Күрдістан сыртқы саясат департаменті басшысы Фалах Мустафа Бакир Түркия билігімен бітімді үзгені үшін Күрд жұмысшы партиясын сынаған еді. Ол сонымен бірге Түркияның әуе шабуылы "КЖП-ның іс-әрекетіне барабар жауап емес" деп айтқан.

Анкара өзі жүргізіп жатқан әскери операцияны КЖП адамдары өлтірген түркиялық полицейлер мен әскерилердің қазасы үшін кек алу деп мәлімдеген.

25 шілдеде түрік әскери ұшақтары Ирактың солтүстігіндегі Күрд жұмысшы партиясы нысандарына соққы берген соң КЖП Түркия билігімен бітімді үзетінін жариялаған.

XS
SM
MD
LG