Бүгін, 3 тамыз күні Ақтөбеде "терроризмді насихаттау" және "әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" баптары бойынша сегіз адам сотталды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сотталғандардың үлкені - 38 жаста, кішісі - 21-де. Үкім қалалық №2 сотта шығарылып, айыптаушылар үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Қалалық №2 соттың мәлімдеуінше, 2014 жылдың сәуірінде сотталушылар WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы діни чат ашқан. Чатты құрған 26 жастағы ақтөбелік Қайрат Бектенов, осы чаттың мүшелері ағайынды Бақтияр және Әбдіхалық Сазановтар алты жылға сотталған. Сазановтар өз кінәсін мойындамай шағым түсіретіндерін айтқан.
Чаттың қалған төрт мүшесі бес, бір мүшесі үш жылға сотталған.
Қазақстанның жергілікті ақпарат агенттіктері таратқан мәліметтерге қарағанда, олар "радикалдық экстремистік аудио- және видеороликтер, мәтіндер алмасқан".