Accessibility links

Назарбаев тағы да қаржыны үнемдеуге шақырды


Қазақстан президенті Нұрұлтан Назарбаев. Женева, 27 шілде 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрұлтан Назарбаев. Женева, 27 шілде 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаржыны жаппай үнемдеуге шақырды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Назарбаев бүгін Астанада премьер-министр Кәрім Мәсімов, президент әкімшілігі жетекшісі Нұрлан Нығматулин және ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың қатысуымен өткен жиында айтқан. Жиында экономиканың қазіргі жағдайы мен оны дамыту шаралары, "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізу, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге дайындық жайы талқыланған.

"Нарықтағы ахуал мен ел бюджетінің жағдайы нашарлауына және экспортқа шығаратын негізгі тауарларымыздың бағасы арзандауына байланысты қаржыны жаппай үнемдеу керек. Бұл шараларды келер жылғы бюджет жобасында қарастыру керек" деген.

Назарбаевтың айтуынша, бұған қарамастан үкімет тұрғындар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындаудан бас тартпауы қажет.

Президент Назарбаев бұған дейін де бірнеше рет үнемдеу жайлы айтқан. Биыл ақпанның 11-і күні Астанада үкіметтің кеңейтілген жиынында Нұрсұлтан Назарбаев елде қатаң бюджет саясатын жүргізіп, «барынша үнемдеуге» шақырған. Қаңтар айында Астанада өткен тағы бір жиында Назарбаев мемлекетке «сауын сиыр» сияқты қарауды доғаруды айтқан еді. Ал маусымның басында президент шенеуніктерді мемлекет қаржысын, ұлттық қордағы қаражатты бөтеннің ақшасы сияқты жұмсауға жол бермеуді ескерткен.

XS
SM
MD
LG