Accessibility links

Киев Ресейге қарсы жаңа санкциялар даярлады


Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин.
Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин.

Украина сыртқы істер министрлігі үкіметке Ресейге қарсы кезекті бесінші санкциялар пакетін мақұлдауға жіберді. Бұл жайында Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин хабарлады.

Климкиннің сөзінше, шектеу шаралары Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына байланысты енгізілмек. Климкиннің ұйғарымынша, "Ресейдің Қырымды заңсыз қосып алғаны үшін салынған санкциялар ешқашан алынбайды". "Украинская правда" басылымының жазуынша, Климкин "Ешкім ешқашан Қырымға инвестиция салмайды. Ешкім Қырымға бармайды. Сөйтіп, Қырым қайтадан Украинаға қайтарылады. Мен бұл айтылғандар күткендегіден әлдеқайда ерте орындалады деп санаймын" деген.

Украина сыртқы істер министрінің пікірінше, Мәскеу "ерте ме, кешпе" экономикалық жағдайға байланысты келіссөзге келуге мәжбүр болады. Себебі онсыз қалыпты даму мүмкін емес.

2014 жылы Қырым мен Севастопольде референдум өткен. Қырымның ресейшіл билігі референдумда тұрғындар Ресейге қосылуға дауыс берді деп мәлімдеген. Батыс елдері мен Киев ол референдумды заңсыз деп танып, Мәскеуді Қырымды аннексиялап алды деп айыптайды. Аннексияға жауап ретінде Еуропа Одағы, АҚШ, Украина мен басқа бірнеше мемлекет ресейлік шенеуніктер мен компанияларға, экономиканың бірнеше саласына қатысты санкциялар салған.

XS
SM
MD
LG