Павлодар соты тергеушінің "Версия" газетінің редакторы Ярослав Голышкинді қамау мерзімін қыркүйектің 14-іне дейін созу туралы өтінішін қанағаттандырды. Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Голышкинді қамау мерзімін ұзарту туралы қаулы бүгін шыққан. Голышкиннің әріптесі Альфия Тәшімованың айтуынша, судья тергеушінің өтінішін орынды деп тапқан.
Ярослав Голышкин 14 мамырда қамалған. Шілде айында оны қамау мерзімі тамыздың 14-іне дейін ұзартылған. Прокурордың ұйғарымынша, Голышкин Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаевтан "ақша бопсалаған" ұйымдасқан қылмыстық топ туралы іс бойынша айыпталып отыр. Голышкиннің әріптестері оны "әкім ұлы қыз зорлады" деген ақпаратқа қатысты журналистік зерттеу жасаған дейді.