Accessibility links

ЕҚЫҰ: Бір жылда Донбастан табыты бар 20 көлік шықты


ЕҚЫҰ-ның Ростов облысындағы бақылаушылар миссиясының басшысы Поль Пикар.
ЕҚЫҰ-ның Ростов облысындағы бақылаушылар миссиясының басшысы Поль Пикар.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушылары бір жыл ішінде ресей-украин шекарасын "Гуково" және "Донецк" бақылау бекеттері тұсынан "Груз 200" деген жазуы бар 20 көлік кесіп өткенін байқаған.

ЕҚЫҰ-ның Ростов облысындағы бақылаушылар миссиясының басшысы Поль Пикардың айтуынша, шекарадан табыт салынған "Газель" көліктері өткен.

Бірақ Пикар ЕҚЫҰ қызметкерлері жүк көліктерінің үсті жабық болғандықтан оларда не барын анық білмейтінін айтады. Жүк көліктері Ресей жағына қарай да, Украина жағына қарай да өткен.

Пикар бұған қоса бақылаушылар 2014 жылдың 1 қыркүйегінен 2014 жылдың 4 тамызына дейінгі аралықта шекараны кесіп өткен әскери киімдегі 21 мыңнан астам адамды көргендерін жеткізді. ЕҚЫҰ өкілінің сөзіне қарағанда, әскери киімдегі адамдар өздерін еріктілерміз деп атаған. Ол қазір әскери киімдегілердің шекараны кесіп өтуі толастамай тұрғанымен, қарасы саябырсығанын айтады.

Бұған дейін құқық қорғаушылар мен журналистер Донбаста ресейлік әскерилердің қаза тапқаны жайлы әлденеше рет хабарлаған.

Украина мен батыс елдері Ресейді Донбастағы сепаратистерді қару-жарақ және әскермен қамтамасыз етеді деп айыптайды. Мәскеу қақтығысқа қатысы барын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG