Алматы халықаралық әуежайында бүгін табылған күдікті сөмкеде жарылғыш зат жоқ болып шықты деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.
Көліктегі ішкі істер департаментінің хабарлауынша, күдік тудырған сөмкені арнайы топ қызметкерлері иісшіл иттің көмегімен тексеріп, оның ішінде жарылғыш зат жоқтығына көз жеткізген соң, әуежай қызметкерлері мен жолаушыларға ғимаратқа қайта кіруіне рұқсат етілген.
«Ұшу кестесіне нұқсан келген жоқ, ұшақтар кестеге сәйкес келіп-кетіп жатыр» деп хабарлаған әуежай қызметі.
Сенбі күні таңертеңгі сағат сегіздің шамасында Алматы әуежайының қол жүктерді алу аймағында қараусыз жатқан сөмке туралы хабар түскен соң ол жерге шұғыл түрде жедел-тергеу тобы барған. Күдікті зат табылған аумақ қоршауға алынып, әуежай қызметкерлері мен жолаушылар қауіпсіз орынға шығарылған.