Қарағанды облысы Үштөбе ауылындағы Карл Маркс атындағы құс фабрикасы жұмыртқа басатын 150 мың тірі тауықты жұртқа тегін таратуды бастады деп хабарлайды жергілікті баспасөз құралдары.
Тауарларына сұраныс күрт азайып, жыл басынан бері бірнеше миллион теңгенің шығынына батқан кәсіпорынның директоры Валерия Семенованың айтуынша, қаржы проблемасы фабрикадағы тауық санын 30 пайызға қысқартуға мәжбүр еткен.
Оның сөзінше, құс фабрикасы өніміне сұраныстың азаюына негізгі себептің бірі – Ресей рублі бағамының құлдырауы болып отыр.
Акцияның алғашқы күні кәсіпорын жұмысшыларына үш мыңдай тауық тегін таратылған. Ендігі кезекте фабрика тауықтарды балалар үйлеріне, қайырымдылық қорларына, сонымен бірге, биыл көктемде тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға таратпақшы.