Accessibility links

Астанада қарсылық акциясына қатысқандар ұсталды


Қарсылық акциясына қатысушылар Астанадағы жолдардың біріне шыққан сәт. 11 тамыз 2015 жыл.
Қарсылық акциясына қатысушылар Астанадағы жолдардың біріне шыққан сәт. 11 тамыз 2015 жыл.

Бүгін Астана әкімдігінің алдында қарсылық акциясына қатысушылар ұсталды. Өздерін құрылыс компаниясының өкілдеріміз деп атаған он шақты адам қала әкімдігін коррупцияға қатысты айыптап, Абай көшесі бойындағы жолаушылар жолын жауып тастады. Кейін қарсылық білдірушілерді полиция ұстады.

«Аль баракат компани» құрылыс компаниясының директоры Бахытжан Тойымбетовтың айтуынша, қарсылық білдірушілер "әкімдік құрылыс нарығында жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отырғанына" наразы.Ол Астана әкімдігіне «Аль баракат компани», «Шанырак строй КЗ», «АССЕМ» және «Селигер и К» компаниясының атынан хат апарған.

- БІздің хатымыз Астана әкімдігіне жетпейді. Сондықтан өзіміз қала әкімі Әділбек Жақсыбековке келдік. Бізге не үшін құрылыс салуға мүмкіндік бермейтінін білгіміз келеді. Жер алдық, келісімнен өттік. Үй құны шаршы метріне 570 доллар тұрады. Бізді жан жағынан қысып тастады. Бүкіл елге бізді алаяқ деп жариялады, - дейді Бақытжан Тойымбетов.

Өткен аптада Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлама таратып, онда соңғы кезде кейбір жылжымайтын мүлік агенттіктері құрылысы бітпеген тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді сату туралы ұсыныстарды тексерместен сатып алушыларды шатастырып жүр деп жазылған. Астана әкімдігі дерегінше, «сату үшін көбінесе құрылысы тоқтап тұрған, тиісті құжаттары жоқ, ал кейде жер теліміне тиісті меншік құқығы жоқ, яғни құрылыс жүргізу тіпті теориялық тұрғыдан мүмкін емес нысандардан пәтер сату фактілері бар».

Астана әкімдігі мәлімдемесінде «әлі тексерілуі тиіс» агенттіктер мен тұрғын үй-құрылыс кешендері тізімін келтірген. Астана билігі болашақ үлескерлерді сақ болып, құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттарды мұқият тексеруге шақырады және заңгер қызметін жалдауға ақша аямауға кеңес береді.

XS
SM
MD
LG