Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу Анкараның Сириямен шекара бойында "қауіпсіз аймағын" құруға аса ынталы екенін мәлімдеді. Анкараның ұйғарымынша, "қауіпсіз аймағы" бейбіт тұрғындардың Сирия үкіметі әскері мен "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларының шабуылынан қорғануы үшін керек.
BBC-ге берген сұхбатында Давутоглу "қауіпсіз аймақты" Сирияның қалыпты оппозициялық топтары қорғайтынын, бірақ егер аймақ қауіпсіздігіне қатер төнсе Түркия әскери күш қолданатынын айтты.
Кеше Түркия сыртқы істер министрлігі Анкара мен Вашингтон арасында Сириямен шекара бойында ұзындығы 98 километр, ені 45 километр аумақта еркін аймақ құру туралы келісім жасалғанын мәлімдеген. Анкараның мәлімдеуінше, "қауіпсіз аймақты" оппозициялық "Сирия ерікті армиясының" мүшелері қарауылдамақ.
АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Марк Тонердің сөзінше, қандай да бір аймақ құру туралы келісім жасалмаған және Вашингтон бұған дейін еш жерде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мұндай аймақ немесе өзге де қорғаныш белдеуі болуы мүмкін емес екенін айқын білдірген. "Біз содырларды аймақтан ығыстыру үшін тұрақты күш салу туралы ымыраластық" деді Тонер.
Түркиядағы күрд саяси жетекшілері Анкара "қауіпсіз аймақты" Сирияның солтүстігінде, Түркиямен шекарада күрд мемлекеті құрылуына жол бермеу құрғысы келеді деп санайды.