Accessibility links

Шымкентте 239 жолаушы Анталияға уақытында ұша алмады


Шымкент қаласындағы әуежай. 13 тамыз 2015 жыл.
Шымкент қаласындағы әуежай. 13 тамыз 2015 жыл.

"SCAT әуе компаниясы чартерлік рейсінің 239 жолаушысы Шымкенттен Анталияға кесте уақыты бойынша ұша алмай қалды" деп хабарлады Азаттық тілшісіне SCAT компаниясының ресми өкілі Виктория Ульянова.

- Біз таңғы сағат жетіден тіркеуден өттік. Сағат сегізде ұшақта болдық. Содан тоғыз жарымға дейін ұшақта отырдық. Әуелі әуе жолдары босамай жатыр деді. Кейін техникалық ақауларға байланысты ұша алмаймыз деді. Жолаушылар көбі - балаларымен демалуға бара жатқандар. Бізді транзит аймағынан шығармай қойды. Ауа жоқ, желдеткіш жұмыс істемейтін жерде төрт сағаттай отырдық. Түсте кешке ұшатын болдық деп қайтарып жіберді, - дейді Шымкенттен Анталияға ұша алмай қалған жолаушылардың бірі Айгүл Орынбек.

Айгүл Орынбек бұл қолайсыздыққа байланысты шыққан шығынын өтеу үшін әуе компаниясына арыз жазғанын, шығынды өтеуді талап етіп компания өтемесе құзырлы орындарға шағымданатынын жеткізді.

Ал Виктория Ульянованың айтуынша, ұшақты ұшуға дайындау кезінде басқару рөлінде ақау бары байқалған. Қазір әуе қомпаниясы қосымша ұшақты күтіп отыр. Анталияға таңғы сағат тоғызда ұша алмай қалған жолаушылар жергілікті уақытпен түнгі сағат он жарымда ұшпақ.

- Жолаушылардың барлығы транзиттік. Қалалық жолаушылар үйлеріне тарасты. Ал сырттан келген жолаушылар әуе компаниясы есебінен қонақүйлерге орналастырылып, ыстық тамақ беріліп жатыр, - дейді Виктория Ульянова.

XS
SM
MD
LG