Accessibility links

Борышкерлердің елден шығуына 236 мың шектеу енгізілген


Кедендік бақылау бекеті. (Көрнекі сурет)
Кедендік бақылау бекеті. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда қарыздардың төленбеуіне байланысты ел аумағынан шығуға 230 мыңнан аса шектеу енгізілген. Бұл туралы әділет министрлігінің сот актілерін орындау департаменті директорының орынбасары Саида Сағдат мәлімдеген.

«Қазіргі күні Қазақстанда борышы өтелмегендіктен шетелге шығуға тыйым салатын 236 мың шектеу бар» деген Саида Сағдат бүгін Астанадағы брифингте.

Ол сонымен бірге кей жағдайларда борыштарын өтеген азаматтардың шетелге шығуда кедергіге тап болатынын борышкердің қарызды жапқаны туралы сот орындаушысына дер кезінде хабарламауы себеп деп түсіндірген.

Шенеуніктің сөзінше, келешекте борышкерлер өз қарыздарын «электронды үкіметтің» төлем қызметі арқылы өтеуге мүмкіндік алады. «Қарызына төлем жасаған соң азаматтардың шетелге шығуына салынған шектеу автоматты түрде алынатын болады» дейді министрлік өкілі.

Қазақстанның қолданыстағы заңы бойынша, билік орындары салық, несие және түрлі айыппұлдар бойынша қарызы бар азаматтардың елден шығуына шектеу қоя алады.

XS
SM
MD
LG