Алматыда 23 шілде күні сел жүруіне байланысты Наурызбай ауданында енгізілген төтенше жағдай режимі алынып тасталды.
Алматы әкімдігі 23 шілдедегі селден кейін Наурызбай ауданында төтенше жағдай режимін енгізіп, сел салдарын жоюға екі миллиард теңге (10 миллион АҚШ долларынан астам) бөлген.
Алматының жаңа тағайындалған әкімі Бауыржан Байбек 17 тамыз күні Наурызбай ауданын аралап, жағдаймен танысып шыққан соң, енгізілген төтенше жағдай режимінің аяқталғанын мәлімдеді.
Алматыда 23 шілде түні Қарғалы өзені арнасынан асып, сел жүрді. Селден алты адам медициналық көмекке жүгініп, үш адам ауруханаға жатқызылған. Адам қазасы туралы ақпарат жоқ. Сел жүрген аудандардан 900-ге тарта адам эвакуацияланды.