Өзбекстанда президент Ислам Каримовтың қызы, коррупциялық жанжалға шатылып қамауда отырған Гүлнара Каримованың бұрынғы және қазіргі бірнеше серігі ұсталды.
Ресми орындардың Азаттықтың Өзбек редакциясына хабарлауынша, осы аптада күдікті тоғыз адам, оның ішінде жергілікті Coca-Cola Bottler компаниясының бұрынғы екі топ-менеджері мен Каримованың бұрынғы қаржы істері жөніндегі кеңесшісі делінген бір ер адам ұсталған.
Бір кездері әкесі Ислам Каримовтың ең ықтимал мұрагері саналған Гүлнара Каримова коррупциялық жанжалға ілігіп, өткен жылы Өзбекстандағы медиа ресурстарынан айырылған. Каримова 2014 жылдан бері үйқамаққа алынып, коррупциялық қылмысқа қатысты тергеліп жатыр.
Ұсталғандарға қатысты бұдан басқа ақпарат белгісіз.
Каримова өзінің бұрынғы күйеуі - Мансур Максуди құрған Coca-Cola Ichimligi компаниясын 1993-2013 жылдары бақылаған.